Есен Ермембет би атамыз Патшаның Уақытша ережесін жедел іске асырып, бастықтарының алдында абыройы-атағының асатындығына титтей де күмəні болмай, Маңғыстауға зор екпінмен келген Рукин əп дегеннен - ақ басын тауға соққандай болды. Ол 1869 жылдың ішінде тек 2390 түтіннен (барлық түтіннің 7/1) ғана салық жинай алды. Орынбордағы бастықтарының кінəлауынан қаймыққан Рукин енді пəрмендірек əрекет жасамақ болады. Айтқанын орындата алмай, адайларға əбден өшіккен Рукин енді көктемнің алғашқы жылылығы түсісімен, жазғы жайылымға көше бастаған ауылдардың алдынан шығып, көштерді тоқтатып, "бүлікшілерді" жазалауға, салықты күшпен жинауға бел байлайды. Сөйтіп, Рукин 1870 жылдың 15 наурызында барлығы 60 адам 35 түйе жегілген арбалы керуенмен Форттан құрық қолтығына қарай аттанады. Рукиннің қарулы отрядпен шығып, зорлықпен алым-салық жинамақшы болғаны онсызда зорға шыдап отырған халықтың атқа қонып, көтерілістің тұтанып кетуіне тікелей себепші болған. Демек, көтерілістің тамызығына от берген, бықсып жатқан шаланы луф деп үрлеп лап еткізген Рукиннің өзі болып отыр. Рукиннің отряды 15-21 наурыз аралығындағы бір аптаның ішінде жазғы жайылымға көшіп бара жатқан бірнеше ауылды кейін қайырып, дегендерін жасатты. Бейбіт кетіп бара жатқан ауылдар қарулы отрядқа ешқандай да қарсылық жасаған жоқ. Тек 22 наурыз күні ғана отрядтың маңдайы тасқа соққандай болды. Рукиннің жүрген жерін бөрліктіріп келе жатқанын естіген Иса, Досан бастаған адай азаматтары оған қарсы тұруға белді бекем буған-ды. (барлығы 400 дей адам) Рукин отряды оларға 22 наурыз күні ұшырасады. (осы күнді көтерілістің басталған күні деп есептеуге болады). Көтерілісшілер отрядты қоршап алып, бұдан əрі өткізбейтіндерін, аман-есендерінде кейін қарай Фортқа қайтуларын талап етеді. Бірақ отряд олардың талаптарына винтовкадан оқ жаудырумен жауап береді. Көтерілісшілер отрядты біржолата жойып жібермек болып, шабуылдауға бірнеше рет əрекеттенгенмен, жаңбырша жауған оқ оларды отрядқа жақындатпайды. 400 дей көтерілісшіден қаймыққан Рукин отряды 23 наурыз күні Қошақ шығанағына дейін шегінеді. 24 наурыз күні Бозашыдан көтерілісшілерге көптеген тың күш келіп қосылады. Енді көтерілісшілер отрядты ығыстыра -ығыстыра Үшауыз тар шатқалына əкеліп, айнала қоршауға алады. Амалы құрыған Рукиннің теңізге қарай ығысуға тырысқан əрекеті де сəтсіздікке ұшырайды. Көтерілісшілер отрядты бұл бағытқа да аттатпай қояды. Сол күні түнде Рукин көтерілісшілерді райынан қайтару үшін елші аттандырды. Бірақ көтерілісшілер өзара ақылдасып, қалай еткенде де шабуылдауды ұйғарады. Өйткені келіссөзге келеміз деп, ақыры қанды қырғынға ұшыраған Исатай, Махамбет бастаған көтерілісшілердің қасіретті тағдыры жайында Иса , Досанның хабары болатын. Осылайша, төрт күндік айқастың шешуші сəті де келіп жетті. Көтерілісшілер отрядқа лап қойды. Олардың отрядты жайпап өтуге бел байлағаны түсінікті еді. Бірақ жағалай қоршаған топтың қайсысының шабуылды бастайтынын аңғара алмаған Рукин мергендерін қай бағыттан шабуылданса да баудай түсіруге бейімдеп орналастырады. Мұны сезген Досан əр топтың басшыларына мынадай тапсырма береді: - Мен бірінші болып шабамын. Шамам келсе алдымен ана мергендерді шаншып тастауға тырысармын. Сол кезде сендер де тұс-тұстан ат қоярсыңдар. Үрейі ұшқан солдаттар кімді атарын, қалай атарын білмей, дабдырап та қалар. Сол бір сəл -пəл дағдарыстарында 400 қылыш пен найза түгел қимылдаса, ешқайсысыда аман құтылмас. Ал енді бір Алла өзі жар болсын! - дейді.